Украина футбол қауымдастығының экс-басшысы Андрей Павелко іздеуге жарияланды

Украина футбол қауымдастығының экс-басшысы іздеуге жарияланды. Украинада Украин футбол қауымдастығының (УФҚ) бұрынғы президенті Андрей Павелкоға іздеу жарияланды. Ол қаржы қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dailykz DW дерегіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Андрей Павелкоға мүлікті иемдену немесе ысырап ету, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қызметтік жалған құжат жасау баптары бойынша айып тағылып отыр. Алайда ол биылғы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Осыған байланысты Украина Ішкі істер министрлігі оны тергеуден бой тасалап жүрген тұлғалар тізіміне енгізген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Павелко Украина аумағынан шығып кеткен болуы мүмкін.
Басылымның жазуынша, Андрей Павелко Украина футбол федерациясын, кейін атауы Украин футбол қауымдастығы болып өзгерген ұйымды 2015 жылдың наурыз айынан 2024 жылдың қаңтарына дейін басқарған.
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін, 2022 жылдың қараша айынан бастап ол футбол алаңдарына арналған жасанды жабын өндіретін зауыт салу кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша қылмыстық істің фигурантына айналды.
Тергеу деректеріне сәйкес, УФҚ-ның лауазымды тұлғалары жабдық сатып алу барысында 26,5 миллион гривна (шамамен 322,8 миллион теңге) көлеміндегі қаражатты иемденген. Бұл іс бойынша футбол қауымдастығының бұрынғы бас хатшысы Юрий Записоцкийге де айып тағылған.
Айта кетейік, Андрей Павелко 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың ақпанына дейін қамауда болған. Алайда тергеу изоляторынан босатылғаннан кейін Украинадан шығып кетуге мүмкіндік алған. Оның елден қалай кеткені және қазіргі уақытта қайда жүргені әзірге нақтыланбады.




