Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың формасы: қай бренд таңдалды » DailyKz
Новости Спорта

Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың формасы: қай бренд таңдалды

Алдағы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың қай брендтің формасын киетіні белгілі болды. Үкіметтегі брифинг барысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан осы мәселеге қатысты нақты сұрақ қойылды. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, спортшылармен жүргізілген талқылаулар нәтижесінде халықаралық Under Armour бренді таңдалған.

«Таңдау кезінде бірнеше нұсқа болды: Nike, Adidas, Kelme. Экипировкада ұсақ-түйек болмайды. Мысалы, шаңғымен трамплиннен секіруде комбинезон стандартқа сай келмесе, ол сантиметрлерге, демек, нәтижеге әсер етеді. Сол сияқты шаңғы жарысы мен биатлонда да», — деді Ербол Мырзабосынов.

Министр үшін басты басымдық — сапа мен нәтиже екенін атап өтті. Оның сөзінше, спортшылар жеңіске жету үшін жылдар бойы еңбек етеді, ал киімнің сапасыздығы салдарынан ұтылып қалу — ең өкінішті жағдай.

«Біз форма үшін емес, медаль үшін барамыз. Сондықтан сапа мен нәтиже бірінші орында», — деді ол қысқаша түйіндеп.

Сонымен қатар, қазақстандық спортшылардың парадтық формасы отандық брендпен тігілетіні белгілі болды. Әзірге ол ресми түрде таныстырылған жоқ, алайда министр форманың түс үйлесімі Қазақстан туына сай болатынын жеткізді.

«Ашылу салтанатына және марапаттау рәсіміне арналған форма отандық өндірушіге тапсырылады. Кейін оны да таныстырамыз. Әрине, түстері мемлекеттік туымызбен үйлеседі. Сапасына да қатаң талап қойдық, алғашқы эскиздерді көрдік — форма өте лайықты», — деп қосты министр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдың ақпанында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына арналған ұлттық құраманың толық экипировка жиынтығы таныстырылған болатын.

Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың формасы — тек стиль емес, жоғары нәтиженің де маңызды бөлігі.

Related Articles

Back to top button