Асылжан Бакытжанұлы ACA 198 турнирінде екі минутта нокаутқа түсті

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асылжан Бакытжанұлы Грозный қаласында өткен ACA 198 турнирінде жеңіліс тапты. Турнирдің негізгі кардында өнер көрсеткен спортшы ресейлік Сулим Баталовқа қарсы шықты, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Жекпе-жекке дейін Баталов жартылай ауыр салмақ дәрежесінің (93 кг-ға дейін) рейтингінде 7-орында, ал Бакытжанұлы 11-сатыда тұрған болатын. Қағаз жүзінде тартысты айқас күтілгенімен, октагондағы оқиға мүлде басқаша өрбіді.
Үш раундқа жоспарланған кездесу алғашқы раундта-ақ аяқталды. Баталовтың дәл апперкоттары қазақстандық файтерді есеңгіретіп, нокдаунға жіберді. Одан кейінгі добиваниеден соң төреші айқасты екінші минуттың соңында тоқтатуға мәжбүр болды.
Сәтті өнер көрсеткен Сулим Баталов «Кештің үздік өнері» номинациясы бойынша 20 мың АҚШ доллары (шамамен 10 миллион теңге) көлемінде бонусқа ие болды. 31 жастағы ресейлік спортшы осылайша шілде айында отандасы Эльмар Гасановтан алған жалғыз жеңілісінің есесін қайтарды. Қазір оның кәсіби мансабында 10 жеңіс бар.
Ал Асылжан Бакытжанұлы үшін бұл соңғы бес жекпе-жектегі үшінші жеңіліс болды. 35 жастағы қазақстандық файтердің жалпы көрсеткіші — 17 жеңіс және 7 жеңіліс.




