КФПБ Жанибек Әлімханұлының B сынамасын ашу бойынша ресми мәлімдеме жасады

Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы (КФПБ) Жанибек Әлімханұлына қатысты B сынамасының ашылуы жөнінде ресми түсініктеме берді. Мәлімдеме федерация президенті Рахимжан Ерденбековтің атынан жарияланды, деп хабарлайды dailykz.
Федерация ақпаратына сәйкес, бүгін АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында халықаралық антидопинг ережелеріне толық сай келетін тәртіппен спортшының B сынамасын ашу рәсімі өткізілген.
Бұл процедура істің әділ әрі тәуелсіз қаралуы үшін аса маңызды екені атап өтілді. B сынамасын ашу процесі Жанибек Әлімханұлының команда өкілдерінің, салалық мамандардың және ресми түрде рұқсат етілген барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өтті. Мұндай формат процедуралық бұзушылықтардың алдын алып, барынша ашықтықты қамтамасыз етеді.
Мәлімдемеде B сынамасы ашылғаннан кейін қайтадан мөрленіп, допингтік зерттеулер жүргізуге уәкілетті халықаралық аккредиттелген зертханаға ресми түрде тапсырылғаны айтылған. Зерттеу жұмыстары бірыңғай стандарттар негізінде, ешқандай сыртқы ықпалсыз жүргізілуде.
Федерация президенті бұл кезеңде қандай да бір қорытынды жасауға немесе айып тағуға ешқандай заңды әрі нақты негіз жоқ екенін ерекше атап өтті. КФПБ спортшының кінәсіздік презумпциясын қатаң ұстанатынын және белгіленген рәсімдерге құрметпен қарайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ федерация:
- таза және адал спортты қолдайтынын;
- халықаралық антидопинг жүйелерін құрметтейтінін;
- ресми зертханалық қорытынды шықпайынша алыпқашпа әңгімелерге, қысым мен ақпараттық дүрбелеңге жол бермейтінін жеткізді.
Қоғамдық қызығушылықтың жоғары екенін түсінетінін атап өткен федерация өкілдері барлық әрекет салқынқандылықпен, заң аясында жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Алдағы шешімдер мен жария мәлімдемелер тек зертхананың ресми қорытындысына сүйене отырып жасалмақ.
Жағдайдың одан әрі дамуы туралы ақпарат белгіленген тәртіппен және расталған құжаттар негізінде жарияланатыны хабарланды.
Еске сала кетейік, 6 желтоқсанға жоспарланған үш титул үшін өтетін жекпе-жек алдында Жанибек Әлімханұлы допинг дауының ортасында қалған болатын. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткенін ресми түрде растаған. Осыған байланысты тергеу басталды.
Жанибек Әлімханұлы өз кезегінде ережені бұзбағанын айтып, екінші сынаманы қайта тексеруді сұраған. Кейін спортшының командасы да бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған еді.




