Ең беделді волейбол клубы «Жетісу» Қазақстан Суперкубогын бесінші рет жеңіп алды

Өткен күні Өскеменде әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының Суперкубогы сарапқа салынды. Құрметті трофей үшін ел чемпионы «Жетісу» мен «Туран» командалары сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңіс 3:0 есебімен «Жетісу» командасына бұйырып, клуб бесінші рет Суперкубок иегері атанды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жетісу» әйелдер волейбол командасының бас бапкері Марко Гршич жеңіс жайлы өз әсерімен бөлісті:
«Командамызды және барлық жанкүйерлерді шын жүректен құттықтаймын. Қиындықтарға қарамастан, біз Суперкубокты Жетісуге алып келдік. Барлығымыз өте қуаныштымыз. Бұл Азия чемпиондар лигасына қатысуға алғашқы маңызды қадамдардың бірі», – деді ол.
Команда ойыншысы Перизат Нурбергенова да алдағы жоспарларымен бөлісті:
«Әрине, біз тоқтап қалмаймыз. Алда маңызды ойындар күтіп тұр. Ел чемпионаты үшін күрес қазір шиеленісті. Чемпиондыққа жету үшін көп күш пен еңбек қажет, ал оны сақтау үшін одан да көп. Сондықтан енді чемпионатқа барынша дайындаламыз», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, «Жетісу» клубының аналитигі Руслан Кенжебаевтың деректеріне сүйенсек, «Туранмен» өткен ойында ең үздік нәтижелерді Мария Фролова (21 ұпай), Ирина Кенжебаева (12 ұпай), Наталья Борисенко (8 ұпай) көрсетті.
Еске салсақ, «Жетісу» волейбол клубы Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, 9 дүркін Кубок иегері және Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы болып табылады.




