Анна Данилина Australian Open екінші айналымына шықты

Қазақстанның әйелдер жұптық разрядындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 2026 жылғы Australian Open турниріндегі алғашқы ойынында жеңіске жетіп, екінші айналымға жолдама алды, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Қазақстандық теннисші маусымның алғашқы «Үлкен дулыға» жарысында Сербия өкілі Александра Круничпен жұп болып өнер көрсетіп жатыр. Данилина мен Крунич турнирде жетінші нөмірлі болып тіркелген. Бірінші айналымда олар америкалық Куинн Глиссон мен ресейлік Елена Приданкинаға қарсы ойнады.
Кездесу тартысты өтті және үш сетке созылды. Нәтижесінде Анна Данилина мен Александра Крунич 7:5, 4:6, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Матч 2 сағат 21 минутқа жалғасты. Осы уақыт ішінде қазақстандық-сербиялық жұп екі эйс жасап, екі қос қателікке жол берді. Сонымен қатар, олар тоғыз брейк-пойнттың жетеуін сәтті пайдаланды.
Екінші айналымда Данилина мен Крунич австралиялық Арина Родионова мен Дарья Касаткинадан құралған дуэтке қарсы ойнайды. Бұл кездесу ертең өтеді деп жоспарланған.




