Әзербайжан президенті Чемпиондар лигасында «Қарабахқа» төрешілердің біржақты қарағанын мәлімдеді

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Instagram парақшасында УЕФА Чемпиондар лигасында «Қарабах» клубына қатысты төрешілердің әділетсіздік танытқанын айтты, деп хабарлайды dailykz.
Мемлекет басшысы алдымен «Қарабах» футболшыларын Германияның «Айнтрахт» клубын жеңуімен құттықтап, матчтағы төрелікке наразылық білдірді. Оның айтуынша, төрешілердің шешімдері әділ болмаған.
«Төрешінің әділетсіз әрі біржақты шешімдеріне қарамастан, ақиқат өз орнын тапты. УЕФА тағайындаған төрешілер алғаш рет емес, әділетсіз және бейтарап емес шешімдер арқылы “Қарабахтың” жеңісті жолын бөгеуге тырысып отыр. УЕФА бұл төрешіні кім тағайындағанын нақтылайды деп үміттенемін. Әділдікті де, қайсар рухты да жеңу мүмкін емес», – деп жазды Ильхам Әлиев.
Еске сала кетейік, Әзербайжанның «Қарабах» клубы УЕФА Чемпиондар лигасы аясында өз алаңында Германияның «Айнтрахтын» қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осы нәтижемен «Қарабах» жалпы кезеңдегі үшінші жеңісін тіркеді.




