Қазақстандық биатлоншы Әлем кубогында қатарынан екінші жарыста ұпай жинады » DailyKz
Новости Спорта

Қазақстандық биатлоншы Әлем кубогында қатарынан екінші жарыста ұпай жинады

Қазақстан биатлон құрамасының көшбасшысы Владислав Киреев 2025/26 маусымындағы Әлем кубогының алтыншы кезеңінің алғашқы жарысында ұпай аймағына енді, деп хабарлайды dailykz тілшісі. Осылайша, ол қатарынан екінші гонкада нәтижелі өнер көрсетті.

Чехияның Нове-Место-на-Мораве қаласында өткен кезеңнің бағдарламасы ерлер арасындағы 15 шақырымдық жеке жарыспен ашылды. Қашықтықта төрт атыс шебі болды.

Владислав Киреев үш рет мүлт кетіп, 2 минут 15 секунд айып уақытына ие болды. Қорытынды хаттамада қазақстандық спортшы 37-орын алып, жеңімпаздан 4 минут 35,5 секундқа қалып қойды.

Бұл нәтиже Киреевке жалпы есепке төрт ұпай әкелді. Осылайша, ол екінші жарыс қатарынан ұпай аймағына кіріп, маусымдағы тұрақты формасын дәлелдеді. Қазіргі таңда Владислав Киреевтің еншісінде 47 ұпай бар, бұл көрсеткіш оған Әлем кубогының жалпы есебінде 52-орынға орналасуға мүмкіндік беріп отыр.

Жеке жарыста франциялық Эрик Перро жеңіске жетті. Күміс жүлдені оның отандасы Эмильен Жаклен (+41,8 секунд) иеленсе, үздік үштікті италиялық Лукас Хофер (+54,1) түйіндеді. Айта кетейік, жүлдегерлердің барлығы да бірде-бір рет мүлт кеткен жоқ.

Қазақстандық тағы бір биатлоншы Асет Дюсенов алты рет қателесіп, топ-70-ті қорытындылады (+6:49,9). Ал Александр Мухин төрт промахпен 75-нәтиже көрсетті (+7:03,8).

Related Articles

Back to top button