Қазақстан көп елге үлгі көрсетті: Өзбекстанда ресейлік теннисшілердің натурализациясы түсіндірілді

Қазақстан көп елге үлгі көрсетті — Өзбекстан теннис федерациясы қазақстандық тәжірибені ашық мойындады. Өзбекстан теннис федерациясы төрағасының орынбасары Ирода Туляганова «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы теннистің дамуын жоғары бағалап, бұл туралы dailykz хабарлады.
Әлемнің бұрынғы 16-ракеткасы федерацияның жаңа бағыты — басқа елдерден теннисшілерді тарту саясатына пікір білдірді. Өткен жылдың соңында Өзбекстан туы астында өнер көрсетуге ресейлік Мария Тимофеева, Полина Кудерметова және Камилла Рахимова өтті. Аталған спортшылар WTA рейтингінің топ-150 қатарына кіреді. Полина Кудерметова мен Камилла Рахимова Australian Open турниріне қатысып, жекелей сында тиісінше екінші және бірінші айналымда жарысты аяқтады.
Туляганованың айтуынша, федерация спортшыларды тәулік бойы бақылауда ұстайды, ал жанкүйерлер де олардың өнерін жіті қадағалап отыр.
— Ұзақ уақыттан кейін Өзбекстан атынан Үлкен дулыға турнирінің негізгі сеткасында қыздардың өнер көрсетуі жанкүйерлерге ерекше әсер қалдырды. Бұл көпшіліктің жағымды пікірін тудырды, — деді ол.
Үш мәрте WTA турнирінің жеңімпазы қазіргі таңда теннисшілер азаматтықты мәжбүрліктен емес, нақты мақсатпен ауыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғы ресейлік спортшылардың басты мақсаты — Олимпиада ойындарына қатысу. Ал Ресей құрамасында бәсекелестік тым жоғары.
Сонымен қатар, азаматтық ауыстырған барлық спортшылардың Өзбекстанмен белгілі бір байланысы бар. Маңызды жайттардың бірі — олардың Ресей теннис федерациясы алдында міндеттемелерінің болмауы. Туляганова Өзбекстан федерациясының бағытын Қазақстан тәжірибесімен салыстыратынын алдын ала білгенін жасырмады.
— Менің ойымша, Қазақстан көп елге үлгі көрсетті. Егер мүмкіндік болса, неге пайдаланбасқа? Егер спортты шын сүйетін, осы салаға өзін арнауға дайын адам келсе, ол міндетті түрде оң өзгеріс әкеледі. Қазақстан теннис федерациясы бүгінде әлемдегі ең мықтылардың бірі. Барлық бағыт жан-жақты дамыған. Бұл — 12–15 жылдық жүйелі еңбектің нәтижесі. Біз де бүгін бастадық, енді 12–15 жылдан кейін дәл осындай деңгейге жетсек екен. Бұл өте керемет. Қазақстанда осындай жетістікке жеткеніне шын қуаныштымын, — деді Туляганова.
Оның пікірінше, Орталық Азияда теннис жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл тек кәсіби спортшыларды тартумен шектелмейді. Аймақта инфрақұрылым дамып, балалар мен жасөспірімдер спортына, сондай-ақ жаттықтырушылар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.



