Украиналық Сергей Богачук UFC басшысының жаңа бокс лигасында ресейлік Раджаб Бутаевты жеңді

Украиналық боксшы Сергей Богачук UFC ұйымы басшысының бастамасымен құрылған жаңа бокс лигасында маңызды жеңіске жетті. Ол Лас-Вегаста өткен Zuffa Boxing турнирінде ресейлік Раджаб Бутаевтан басым түсті, деп хабарлайды dailykz.
Жекпе-жек орта салмақ дәрежесінде (72,6 кг-ға дейін) өтті және кештің қосалқы басты оқиғасы саналды. Қарсыластар 10 раунд бойы жоғары деңгейде айқасып, көрермендерге тартысты бокс көрсетті.
Кездесудің алғашқы бөлігінде Богачук бастаманы қарсыласына бергенімен, жекпе-жек соңына қарай айқын басымдық танытты. Статистика бойынша, украиналық боксшы дәл соққылар саны жағынан алда болды — 317 соққы, ал Бутаевта 255 соққы тіркелді. Нәтижесінде Сергей Богачук төрешілердің бөлек шешімімен (96:94, 94:96, 96:94) жеңіске жетіп, алдыңғы жекпе-жектегі жеңілісінің орнын толтырды.
Қазіргі таңда 30 жастағы Богачук кәсіби рингте 27 жеңіске жеткен (оның 24-і нокаутпен), ал еншісінде үш жеңіліс бар, соның бірі мерзімінен бұрын тіркелген.
Ал 32 жастағы Раджаб Бутаев кәсіби мансабында екінші рет жеңіліс тапты. Оның еншісінде 16 жеңіс сақталды, соның 12-сі нокаутпен аяқталған.
Айта кетейік, осы турнирдің тағы бір жекпе-жегінде украиналық боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Александр Гвоздик мерзімінен бұрын жеңіліске ұшырады.
Zuffa Boxing — TKO холдингінің қолдауымен құрылған жаңа бокс лигасы. Бұл холдингтің құрамына UFC де кіреді. Аралас жекпе-жек ұйымының президенті Дана Уайт жаңа бокс жобасының дамуы мен танымал болуына тікелей атсалысып отыр.




