Олимпиаданың басты сұлулығы алтын жеңіп, рекорд орнатты

Нидерландтың әйгілі конькиші спортшысы Ютта Лердам Олимпиадада алтын медаль иеленіп, жаңа олимпиадалық рекорд орнатты. Әлеуметтік желілерде оны көпшілік «Олимпиаданың басты сұлулығы» деп атап кеткен.
Eurosport Nederland мәліметінше, Ютта Лердам 1000 метр қашықтықта сенімді өнер көрсетіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Әлемнің алты дүркін чемпионы ақыры Олимпиада алтынын да өз қоржынына салды.
«Чемпионат» басылымы жазғандай, ОИ-2026 финалында Нидерланд құрамасының өкілдері арасында нағыз тартысты бәсеке өтті. Фемке Кок пен Ютта Лердам жарыстың басты фавориттері саналды. Алдымен мұзға Фемке Кок шығып, олимпиадалық рекордты жаңартты. Алайда бес минуттан кейін оның отандасы Ютта Лердам жарыс жолына шығып, көрсеткішті одан әрі жақсартып, 1:12,31 нәтижесін тіркеді.
Осылайша Ютта Лердам 1000 метр қашықтықта Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, жаңа рекордтың иесі болды. Бұған дейін біз Қазақстандық конькиші Надежда Морозованың қысқы Олимпиада-2026 ойындарында үздік 15 спортшының қатарына енгені туралы да жазған едік.




