Қазақстандық шаңғышы қыздар қысқы Олимпиадада тағы бір қашықтықта жарысты аяқтады

Қазақстандық шаңғышы қыздар қысқы Олимпиадада 10 шақырымдық жеке жарыста бақ сынап, өз өнерлерін аяқтады. Италияда өтіп жатқан Олимпиада-2026 ойындарында ел құрамасының өкілдері аталған дистанцияда жарыс жолына шықты, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Жарыстың алтыншы күнінде Қазақстан құрамасынан төрт спортшы – Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Дарья Ряжко және Анна Мельник 10 шақырымдық қашықтықта сынға түсті.
Қазақстандықтар арасында ең үздік нәтижені Надежда Степашкина көрсетті. Ол мәреге 63-орынмен жетті. Ксения Шалыгина 71-сатыға жайғасты. Ал Дарья Ряжко мен Анна Мельник қорытынды хаттамада сәйкесінше 75-ші және 81-ші орындарды иеленді.
Аталған дистанцияда алтын медаль швециялық шаңғышы Фрида Карлссонға бұйырды. Ол бұған дейін скиатлон жарысында да жеңіске жеткен болатын. Күміс жүлдені тағы бір швециялық спортшы Эбба Андерсон алды. Ал қола медаль АҚШ өкілі Джесси Диггинске тиді. Айта кетейік, ол скиатлон кезінде қабырғасын сындырып алғанына қарамастан, үздік үштікке енді.




