Олимпиада-2026 жеңісі: Шайдоровқа сенім арттым, тәуекелге бардым

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы **Михаил Шайдоров**пен жұмыс істейтін ресейлік бапкер Алексей Урманов Олимпиада қорытындысын шығарды. Бұл туралы dailykz басылымы Спорт-Экспресс дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.
21 жастағы спортшы Қысқы Олимпиада-2026 ойындарында ерлер арасындағы жеке сырғанаудан жеңіске жетті. Осылайша ол Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарының екінші чемпионы атанды.
Урманов шәкіртіне деген мақтанышын жасырмады:
«Қазір мен оны ерекше мақтан тұтамын. Бұл — жай ғана жігіт емес, нағыз ер азамат. Михаил — үлкен еңбекқор. Әріптестеріммен сөйлестім де, айта аламын: мен оған толық сенемін, тіпті тәуекелге де бара аламын. Бүгінгі еркін бағдарламадағы төрттік флип әлі толық пісіп жетілмеген еді, оны аз жаттықтырдық. Соған қатты алаңдадым. Басқа спортшы болса, мүлде орындатпас едім. Ал Михаилға сендім», — деді бапкер.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
Маманның айтуынша, Олимпиада маусым басынан-ақ басты мақсат болды. Маусым барысында Шайдоровпен бірге қысқа бағдарламаның бұрынғы нұсқасын қайтару туралы шешім қабылданып, ал еркін бағдарламада техникалық элементтер жиі өзгертілді — барлығы ең тиімді нұсқаны табу үшін жасалды.
Урманов қыстағы бір жаттығуды да еске алды: «Сондай керемет жаттығу болды, тіпті таңғалдым. Сол кезде оған: “Қара, осы жаттығудан кейін бірден Олимпиада чемпионы болып кетпе” деп айтқанмын», — дейді ол. Жеңісті сырғанаудан соң бапкер осы сөзін шәкіртінің құлағына сыбырлап еске салған.
«Әр нәрсенің өз уақыты бар. Қазір оған: “Мен саған не дегенімді есіңде ме?” дедім», — деп қосты Урманов.
Олимпиададағы тарихи жеңістен кейін Михаил Шайдоров «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапатталды. Сондай-ақ оған қомақты ақшалай сыйақы беріледі.








