Михаил Шайдоровты Олимпиадаға дайындаған бапкер қанша табыс тапты — Минспорт мәлімет берді

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы **Михаил Шайдоров**пен жұмыс істеген бапкердің еңбекақысы туралы ақпаратты жариялады. Бұл туралы dailykz хабарлайды.
Министрлік олимпиадалық цикл барысында спортшыны дайындауға тартылған бапкерлер құрамының жалақысы жөніндегі деректерді ашық ұсынды. Ведомство мәліметінше, бұл — мемлекеттік қолдаудың нысаналы әрі жүйелі түрде көрсетілуінің нақты үлгісі.
Министрліктің хабарламасында:
«Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты дайындау — мемлекеттік қолдаудың көрсетілімді мысалы. Олимпиадалық циклді жан-жақты талдау жоғары деңгейдегі спортшыны сүйемелдеудің барлық тетіктері толық іске қосылғанын көрсетеді», — делінген.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
2025 жылы спортшының өзі мен мамандар командасын (жеке бапкер, кеңесші бапкер, бас бапкер, массажист, психолог, хореографтар) даярлауға бөлінген қаржының жалпы көлемі 263 394 581 теңгені құраған.
Оның ішінде:
- 19 оқу-жаттығу жиынына (оның 8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) — 47 млн теңге;
- бес халықаралық жарысқа қатысуға — 16 млн теңге бағытталған.
Министрлік дерегінше, 2025 жылы Михаил Шайдоровтың жалпы жалақысы 33 989 000 теңге болған. Бұл қаражат Туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту желісі, федерация және жергілікті әкімдік арқылы төленген.
Ал спортшының жеке бапкері **Алексей Урманов**тың 2025 жылғы еңбекақысы 26 млн теңгеден асқан. Сондай-ақ хореограф Иван Регини шамамен 23 млн теңге табыс тапқан.
Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тігу және авторлық құқықтарды сатып алу шығындары қосымша қаржыландырылғаны айтылды. Сондай-ақ спортшы бұған дейін әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алған. Ал бапкерлер штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.
Министрлік қорытындысында:
«Жетекші спортшыларды дайындау моделі жаттығу процесін толық сүйемелдеуге — ғылыми-медициналық қолдау мен материалдық қамтамасыз етуге негізделеді. Нысаналы қаржыландыру тәжірибесі мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда қазақстандық спортшылардың қысқы спорт түрлерінде әлемдік элитамен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын дәлелдейді», — деп атап өтті.
Михаил Шайдоровты Олимпиадаға дайындаған бапкер қанша табыс тапты — Минспорт мәлімет берді








