Қазақстан құрамасы алты алтынмен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіру әлем чемпионатының жалпы есебінде жеңіске жетті

Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Аталған дүниежүзілік додаға Қазақстан құрамасы да қатысып, жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды dailykz.
Чемпионаттың соңғы жарыс күнінде командалық спринт сайыстары өтті. Қазақстанның әйелдер құрамасы 1 минут 28,77 секунд нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Бұл бағдарламада ел намысын Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова және Варвара Глухова қорғады.
Одан кейін өткен ерлер арасындағы масс-стартта қазақстандық Вадим Чебардаков мәреге бірінші болып жетіп, 5 минут 29,87 секунд уақыт тіркеді.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді 6 алтын және 1 күміс медальмен аяқтады. Жалпы командалық есепте қазақстандықтар ең үздік нәтиже көрсетсе, екінші орынға Германия (5 алтын, 0 күміс, 2 қола), үшінші орынға Қытай (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) жайғасты.
Бұған дейін Кристина Шумекова 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында әлем чемпионы атанған еді. Ал 3000 метрде күміс жүлде алып, барлық жеке жарыстардың қорытындысы бойынша шағын көпсайыста да жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы алты алтынмен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіру әлем чемпионатының жалпы есебінде жеңіске жетті.








