Астанада «Жұлдызай» қысқы ұлттық инклюзивті ойындары өтті » DailyKz
Новости Спорта

Астанада «Жұлдызай» қысқы ұлттық инклюзивті ойындары өтті

Ақпан айының соңында Астанада қысқы ұлттық инклюзивті Жұлдызай ойындары өтті. Бұл бірегей спорттық жоба оныншы жыл қатарынан өткізіліп келеді және ерекше қажеттілігі бар балалардың бейімделген спорт арқылы дамуына, сондай-ақ олардың қоғамға толыққанды интеграциялануына бағытталған. Бұл туралы «Жұлдызай» қайырымдылық қорының өкілдері dailykz сайтына хабарлады.

Биылғы ойындарға Қазақстанның 12 өңірінен 225 қатысушы жиналды. Олардың ішінде 10–16 жас аралығындағы 136 жас спортшы бар. Жарыстар үш спорт түрі бойынша ұйымдастырылды: шаңғы жарысы, конькимен жүгіру және парахоккей. Спорттық сайыстар Астанадағы Орталық саябақтың шаңғы-роллер трассасында және **Тарлан мұз сарайы**нда өтті.

Астаналық 10-сынып оқушысы Анастасия өз әсерімен бөлісті:

Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз

«Мен коньки тебуді қатты жақсы көремін. Жарыс алдында қобалжу болды, бірақ жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орын алдым. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз».

Жарыстың бас төрешісі Марғұлан Қияқов қатысушылардың дайындығын жоғары бағалады:

«Барлық командалар лайықты өнер көрсетті. Бұл жарыс — әр баланың өз әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік беретін алаң. Бағалау оңай болған жоқ, алайда төрешілер әділ шешім шығарды».

Командалық есеп қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы шаңғы жарысы мен конькимен жүгіруден алтын медаль иеленіп, көш бастады. Ақмола облысының командасы екі спорт түрінен де күміс жүлдеге қол жеткізді. Шаңғы жарысында Астана құрамасы қола медаль алса, конькимен жүгіруде үшінші орын Қарағанды облысына бұйырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, нәтиже қандай болса да, барлық қатысушы — жеңімпаз. Себебі басты жетістік — өз-өзіңді жеңу.

Жобаның жетекшісі Алмагүл Салимбаева ойындардың маңызын ерекше атап өтті:

«Біз үшін әр бала — жеңімпаз. Спорт балалардың мүмкіндігін ашып, өз-өзіне деген сенімін арттырады әрі өңірлерді тең мүмкіндік идеясының айналасына біріктіреді. Қысқы ұлттық инклюзивті ойындар “Жұлдызай” қатысушылар үшін жаңа белестерге бастайтын даму нүктесіне айналуы біз үшін өте маңызды».

«Жұлдызай» ойындары спорттың шекарасы жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қолдау мен әр баланың мүмкіндігіне деген сенім үлкен жеңістерге — тек спортта ғана емес, өмірде де жол ашады.

Айта кетейік, жоба аясында қысқы спорт түрлерінен бөлек, үстел теннисі, жеңіл атлетика, мини-футбол, шоудаун, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері — бестас, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша да жарыстар өткізіледі.

Ойындардың бас серіктесі — BI Group құрылыс холдингі. Сонымен қатар серіктестер қатарында ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, Туризм және спорт министрлігі, өңірлер мен Астана қаласының әкімдіктері, Qazsport телеарнасы, Ski Club Astana, FlyArystan әуе компаниясы және BabyBoom ресто-бары бар.

Инклюзивті спортты қолдау BI Group компаниясының жүйелі әлеуметтік қызметінің бір бөлігі саналады. Өткен жылы «30 игі іс» акциясы аясында компания ел бойынша қайырымдылық және қоғамдық бастамаларға 12,28 млрд теңге бөлді. Бұл жұмыста «Жұлдызай» корпоративтік қоры мен оның Mumkindik жобасы маңызды рөл атқарып, соның арқасында балаларға арналған 325 жоғары технологиялық операция қаржыландырылды.

Related Articles

Back to top button