Қазақстан мектептерінде Конституция негіздері мен жеке қауіпсіздік пәндері оқытылады

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде екі жаңа міндетті пән енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Зұлдыз Сулейменова үкімет отырысында мәлімдеді. Жаңа Конституция нормаларына сәйкес жаңартылған оқу жоспарлары мен стандарттары аясында енгізілетін бұл пәндер оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Министрдің айтуынша, жаңа пәндер теорияны жаттаудан гөрі, жауапкершілікті тәрбиелеуге және қазіргі заманғы әлемде қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға баса назар аударады. Бесінші-жетінші сынып оқушыларына арналған «Конституция негіздері» пәнінде мемлекет, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінікті тілде баяндалады. Ал 8-11 сынып оқушыларына арналған «Құқық және тәртіп» курсы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды құқық бұзушылықтардан сақтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, 5-11 сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» курсы міндетті болады. Бұл курс төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету, кибергигиена және интернет қауіптерінен қорғану бойынша білім береді.
«Білім берудің жаңартылған мазмұны бірінші кезекте тұлғаның жан-жақты дамуына, іргелі білімдерін нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, тәрбиелік компонент күшейтіледі. Білім беру жүйесіне «Адал азамат» Бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Құқық және тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы, сондай-ақ жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары толықтай интеграцияланады. Осылайша, мектеп тек білім беретін ұйым ғана емес, заңды құрметтейтін, еңбекті бағалайтын және мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды қалыптастыратын ортаға айналады», – деді министр.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Бұған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға үндеу жолдады. 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыреспубликалық референдумда қабылданған жаңартылған Ата Заң 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Жаңа Конституцияға сәйкес, ҚР Парламенті бір палаталы болып, Сенат таратылады. Жаңа заң шығарушы орган Құрылтай деп аталады. Сонымен қатар, Халық Кеңесі құрылады. Бұл халықтық кеңес 126 адамнан тұратын болады.
Дереккөз: Kapital.kz








