Жаңа Конституция: Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент өз үндеуінде бұл күн егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы екенін атап өтіп, елдің тұрақты даму, саяси және экономикалық реформалар, ауқымды жаңғыру жолына түскенін мәлімдеді. Жаңа Ата заң саяси жүйені түбегейлі қайта құруға және мемлекет пен азаматтық қоғам институттарын жаңғыртуға негіз қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тарихи таңдау қазақстандықтардың мемлекеттің алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындап бергенін көрсетеді. Мемлекет басшысы бұл шешімді ел шежіресінде шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі ретінде мәңгі сақталатынын баса айтты.
Президент Конституция күнінің «Наурызнама» онкүндігімен тұспа-тұс келуінің ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Бұл айтулы күн көктемгі жаңару дәстүрін жаңа Ата заңның азаматтық ынтымақ, озық білім және Отан игілігі жолындағы адал еңбек қағидаттарымен үйлестіреді. Қабылданған Конституцияның берік құқықтық іргетасына сүйене отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Прогресс, Тазалық пен Табиғатқа жанашырлық құндылықтарын орнықтыруға болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық бірлікті мызғымас тұғырға айналдыра отырып, әлемдік өркениеттің биіктерін бағындырып, әрбір азаматқа тең мүмкіндік пен жан-жақты даму жолын ашатын Әділетті Қазақстанды құруға шақырды. Мемлекет басшысы жоспарланған мақсаттардың толық жүзеге асып, Отанымыздың гүлденуіне жол ашатынына сенімді екенін жеткізіп, «Жасасын Қазақстан Республикасы! Жасасын халқымыз!» деп сөзін қорытындылады. Естеріңізге сала кетейік, жаңартылған Ата заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Оған сәйкес, Қазақстан Парламенті бір палаталы болып, Сенаттың орнына Құрылтай құрылады және Халық Кеңесі құрылады.
Дереккөз: Kapital.kz








