Қазақстанның жаңа Конституциясы: Білім, ғылым және адам капиталы – басты басымдық

Қазақстан тарихында тұңғыш рет адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновациялардың басымдығы жоғары конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл маңызды жаңалық ел дамуының түбегейлі жаңа бағыттарын айқындап, оның орталығына адамды, оның білімі мен кәсіби дағдыларын қояды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында айтылған.
Бұл өзгеріс отандық ғылым мен жоғары білім саласын жаңа сатыға көтеріп, мамандар даярлау сапасына, зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге бағытталған экожүйе құруға баса назар аударуды талап етеді. Білім экономикасына өтудің стратегиялық міндеттері осындай берік құқықтық мәртебеге ие болды. Жаһандық технологиялық сын-қатерлер дәуірінде жаңа Конституция оқыту сапасы мен болашақ технологияларды игеру қабілеті Қазақстанның әлемдік аренадағы күшін, егемендігін және бәсекеге қабілеттілігін анықтайтынын нақтылайды.
Бұл конституциялық қағидаттар қазірдің өзінде нақты заңнамалық шешімдерде көрініс табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым, ғылым сыйымды аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат ғылыми-білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, ғылыми әлеуетті нығайтуға, әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдауға және жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Осы жұмыстар аясында елімізде жоғары білім алу мүмкіндіктері жүйелі түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі бір жарым еседен астам өсті: бакалавриат бағдарламалары бойынша гранттар саны 2019 жылғы 51 023-тен 2025 жылы 77 084-ке дейін ұлғайды. Сонымен қатар, халықаралық академиялық ортаны белсенді дамыту жалғасуда, бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретінде қалыптасуына ықпал етуде. Бүгінгі таңда республикада 32 шетелдік жоғары оқу орны мен олардың филиалдары жұмыс істейді, бұл үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге, академиялық ұтқырлықты арттыруға және мамандар даярлаудың жалпы сапасын көтеруге ықпал етеді.
Отандық университеттер базасында академиялық және зерттеулік артықшылық орталықтары құрылуда. Қазіргі уақытта олар еліміз үшін экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургия саласы, биотехнология және агроөнеркәсіп кешені сияқты басым бағыттар бойынша 11 жоғары оқу орнының базасында қалыптастырылуда. Конституциялық өзгерістер ашық академиялық ортаны қалыптастыруға, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және қазақстандық ғылымды жаһандық ғылыми кеңістікке толық интеграциялауға тікелей ықпал етеді.
Дереккөз: Kapital.kz







