Ақтөбедегі сквер жаңа келбетке енбек: QalaTrans компаниясы 120 млн теңге бөлді » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Ақтөбедегі сквер жаңа келбетке енбек: QalaTrans компаниясы 120 млн теңге бөлді

Ақтөбе қаласындағы Жеңіс даңғылы бойында орналасқан скверді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл игі істі QalaTrans компаниясы өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, жоспарланған жұмыстардың шамамен 40%-ы орындалып үлгерген.

Жұмыстардың барысымен облыс әкімі Асхат Шахаров танысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. «Қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді демалыс орындарын құру – біздің ортақ міндетіміз. Мұндай жобалар серіктестердің белсенді қолдауымен жүзеге асады. Қалалық ортаны дамытуға қосқан үлесі үшін QalaTrans компаниясына алғыс айтамын. Бұл сквер аяқталған соң ақтөбеліктердің сүйікті демалыс орнына айналады деп сенемін», – деді әкім.

Жоба аясында аумағы 0,95 гектар болатын қоғамдық кеңістік толықтай жаңғыртылмақ. Жаңартылған скверде субұрқағы бар орталық алаң, амфитеатр, жаяу жүргіншілер аллеясы, балалар ойын алаңы және жайлы демалыс аймақтары пайда болады. Сонымен қатар, аумақ көгалдандырылып, шағын сәулет нысандары, заманауи жарықтандыру және бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге.

QalaTrans ЖШС директоры Ұлан Үксікбаевтың айтуынша, компания Ақтөбеде бес жылдан бері жұмыс істеп келеді және қаланы көркейтуге үлес қосуды дәстүрге айналдырған. «Бұл жобаны толықтай өз қаржымыз есебінен жүзеге асырып жатырмыз. Ауа райына байланысты жұмыстар сәл кейінге шегерілгенімен, тамыз айында абаттандыру жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді ол. Құрылыс барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады.

Айта кетейік, Ақтөбеде меценаттардың қолдауымен қаланы көркейту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2024 жылы бес нысан жаңартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15-ке жетуі жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, скверлер және қаладағы алғашқы кәсіби скейт-парк бар. Мұндай жобалар еліміздің басқа өңірлерінде де қолдау тауып, Ақтаудағы «Ақбота» саябағын NCOC компаниясы 2,5 млрд теңгеге қаржыландыруда.

Реклама

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button