Цифрлық кодекс: Қазақстанның жаңа цифрлық дәуірі басталды » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Цифрлық кодекс: Қазақстанның жаңа цифрлық дәуірі басталды

2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді. Бұл құжат елдегі цифрлық технологияларды жүйелі дамытуға, жасанды интеллектіні жаппай енгізуге және тұрақты цифрлық ортаны қалыптастыруға негіз қалайды. Бұған дейін жекелеген шешімдермен шектелген цифрландыру процесі енді кешенді цифрлық трансформацияға ұласып, мемлекеттің дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Азаматтар үшін ең маңызды жаңалықтардың бірі – дербес деректерді басқару құқығының бекітілуі. Енді әрбір азамат өзінің жеке мәліметтерін жоюға, анонимдеуге немесе өңдеуді шектеуге мүмкіндік алады. Биометриялық деректерді пайдалану да қатаң реттеліп, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект алгоритмдері қабылдаған шешімдерді қайта қарау құқығы енгізілді. Бұл жаңа технологиялардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Цифрлық кодекс құқықтық алаңды кеңейтіп, цифрлық құжаттар, мәліметтер және растаулар (push-хабарламалар мен кодтар сияқты) ұғымдарын енгізеді. Сонымен қатар, цифрлық объектілердің – жазбалар, активтер, ресурстар, платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, жүйелер, инфрақұрылым нысандары, деректер өнімдері және басқа да заңмен белгіленген түрлері мен олардың мәртебесі нақты айқындалады. Мемлекеттік функцияларды орындауға арналған стратегиялық цифрлық объектілер ұлттық мәртебе алып, смарт-келісімшарттар мен үлестірілген жүйелерді пайдалануға жағдай жасалады.

Маңызды жаңалық – цифрлық деректер өнімдерін алмасу және айналымға шығару платформасының енгізілуі. Бұл ашық алаңда цифрлық өнімдердің пайдалану шарттары нақты белгіленіп, олардың тиімді әрі қауіпсіз айналымы қамтамасыз етіледі. Платформа иелеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, рұқсатсыз қол жеткізуді, деректердің сыртқа шығуын және трансшекаралық берілуін болдырмау міндеттеледі. Цифрлық трансформация енді мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті процесс болып, басшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштерінің (KPI) біріне айналады. Кодекс киберқауіпсіздік талаптарын күшейтіп, мүгедектігі бар азаматтар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігін де кепілдендіреді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдау арқылы ел толыққанды цифрлық мемлекетке көшудің заманауи инфрақұрылымдық негізін қалады. Бұл бастамалар аясында Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Ұлттық даму институты құрылып, ел АҚШ-тың Pax Silica және AI Opportunity Partnership бастамаларына қосылып, AI-экономикалар клубына енді. Болашақ цифрлық қала Алатау «Digital by default» қағидатымен жобаланып, мемлекеттік басқарудың барлық процестері әуел бастан тек цифрлық форматта құрылатын бірыңғай цифрлық экожүйеге айналады.

Реклама

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button