Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция аясында Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, екі ел басшыларының кездесуі барысында достық пен өзара құрметке негізделген серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Камбоджамен қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндіктер бар екенін айтты.

Кездесуде Президент Тоқаев өзара тауар айналымын арттыру үшін ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, туризм, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика салаларының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді. Қазақстан астық, тыңайтқыштар және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанның электрондық үкіметті дамытудағы жетістіктері мен озық технологиялар саласындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті екені айтылды. Бұл бағытта Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі үздік 24 елдің қатарына енгені ерекше атап өтілді.

Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет өз елінің Қазақстанмен байланысты нығайтуға деген ынтасын білдірді. Ол екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тараптар жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша да пікір алмасты. Қазақстан Президенті Камбоджаға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) қызметін қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы Астананың бастамасын баяндады.

Кездесу соңында Хун Манет Қазақстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Камбоджаға ресми сапармен келуге шақырды. Президент Тоқаевтың бұл сапары Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен ҚХР-ға жұмыс сапары аясында өтті. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен кездесіп, жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылған болатын.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button