Ақтөбедегі жаңа сквер: QalaTrans компаниясы 120 млн теңгеге қала көркін ашады

Ақтөбе қаласында Жеңіс даңғылы бойындағы скверді абаттандыру жұмыстары жеке компанияның қаржысы есебінен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. «QalaTrans» ЖШС өз қаражаты есебінен скверді жаңартуда. Жоспарланған жұмыстардың шамамен 40 пайызы орындалды. Облыс әкімі Асхат Шахаров сквердегі реконструкция жұмыстарының барысымен танысып, жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді демалыс орындарын құру – біздің ортақ міндетіміз. Мұндай жобалар серіктестеріміздің қолдауымен жүзеге асады. Қаланың көркейе түсуіне қосқан үлесі үшін «QalaTrans» ЖШС-не алғыс айтамын. Сквер толық пайдалануға берілген соң, ақтөбеліктер үшін тамаша демалыс орнына айналарына сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.
Жоба аясында жалпы ауданы 0,95 гектар болатын аумақты кешенді абаттандыру көзделген. Мұнда субұрқағы бар орталық алаң, амфитеатр, жаяу жүргіншілер аллеясы, балалар ойын алаңы және демалыс аймақтары пайда болады. Сондай-ақ, аумақты көгалдандырып, заманауи жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау орнатылады. Жұмыстар кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
«Біздің компания Ақтөбеде бес жылдан бері жұмыс істейді және мүмкіндігінше қаланы көгалдандыруға атсалысып келеді. Жилгородок ауданындағы скверді толық өз қаражатымыз есебінен жаңартып жатырмыз. Жоба құны – 120 миллион теңге. Ауа райына байланысты жұмыстар сәл кешіктірілгенімен, тамыз айында реконструкцияны аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «QalaTrans» ЖШС директоры Ұлан Ұқсікбаев.
Айта кетейік, Ақтөбеде 2024 жылы меценаттардың қолдауымен 5 нысан, ал 2025 жылы 15 нысан жаңартылған болатын. Олардың қатарында парктер, скверлер және қаладағы алғашқы кәсіби скейт-парк бар. Мұндай жұмыстар еліміздің басқа қалаларында да жалғасуда. Мысалы, Ақтауда «Ақбота» паркін реконструкциялауды NCOC компаниясы қаржыландырады, жобаға жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды.
Дереккөз: Kapital.kz








