Алматыда 200-ге жуық жер телімі мәжбүрлеп өтеуге алынады

Алматы қаласында Баймағамбетов, Құлжа трактісі, Бұхтарма және Рысқұлов даңғылы қиылысында жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жолдар мен инженерлік желілер құрылысы басталады. Бұл жобаның негізгі бөлігі алты жолақты магистраль болмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін қала әкімдігі 200-ге жуық жекеменшік жер телімін мәжбүрлеп өтеу процесін бастады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Kapital.kz хабарлады.
Жаңа алты жолақты магистраль Бұхтарма көшесі мен Рысқұлов даңғылын байланыстырып, ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды. Бұл көшенің ені 50 метр болады. Мұндай көлік байланысын құру БАКАД-пен одан әрі жалғастыру үшін қажет.
«Жоспарланған магистраль жеке сектор арқылы өтетіндіктен, мемлекет мұқтаждығы үшін шамамен 200 жер телімін мәжбүрлеп өтеуге алу қарастырылған. Қала әкімдігі тиісті қаулыны қабылдап, жылжымайтын мүлік иелері хабарлама алды. Алматы үшін полицентрлік модельді дамыту маңызды фактор болып табылады. Жаңа полицентрлерде қоғамдық-іскерлік және тұрғын кластерлерді қалыптастыру, көлік-ауыстыру тораптарын дамыту, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандар құру көзделген. Қаланың кеңістіктік дамуының шектеулі екенін ескере отырып, мегаполисті дамытудың басым бағыты – жеке секторды кезең-кезеңімен игеру, бұл әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне сәйкес келеді», – деп атап өтті әкімдік өкілдері.
Бұл жоба 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Әкімдік бас жоспарға қандай да бір өзгерістер енгізілмейтінін нақтылады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар желісін кеңейту, веложолдардың ұзындығын 40 шақырымға жуық арттыру және кейбір көшелерде қозғалыс режімін өзгерту жоспарлануда. Бұған дейін Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігінде, Абай даңғылының солтүстігінде, Желтоқсан көшесінің шығысында және Достық даңғылының батысында орналасқан аумақта шығарындылары аз аймақ (LEZ) бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Алматының көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға 2026 жылы жергілікті бюджеттен қосымша 19,7 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Дереккөз: Kapital.kz








