Қазақстанда бес жаңа автожолда орташа жылдамдық бақылау басталады

2026 жылғы 10 шілдеден бастап Қазақстанның бес автожол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады. Бұл шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қабылданды. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға ынталандырып, күрт үдеу мен тежелулерді азайтады.
Жаңа жүйе енгізілетін бес жол учаскесінің жалпы ұзындығы 525 шақырымды құрайды. Олар: Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл, сондай-ақ Астана – Теміртау және Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері. Бұл жоба 2025 жылғы 17 наурыздан бастап енгізілген жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырым болатын сегіз ақылы жол учаскесіндегі орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің кеңеюі болып табылады.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін орташа жылдамдықты бақылау жүйесіне қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Ақтоты Боранова бұл шаралардың басты мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау екенін атап өтті. Статистика бойынша, жылдамдықты асыру ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Сондықтан барлық жол қозғалысына қатысушыларды ұқыптылыққа және жауапкершілікке шақырады.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты автоматты кешендер арқылы бақылау жүйесі 2025 жылы енгізіле бастаған болатын. Сонымен қатар, 10 шілдеден бастап Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал және Бурылбайтал – Құрты бағыттарында, ал 11 шілдеден бастап Талдықорған – Өскемен тасжолында жол ақысы алына бастайды. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі болып саналады.
Дереккөз: Kapital.kz







