ЕАЭО елдерінде навигациялық пломбалардың қолданыс мерзімі ұзартылды » DailyKz
Экономика

ЕАЭО елдерінде навигациялық пломбалардың қолданыс мерзімі ұзартылды

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысында Қазақстан тарапы үшінші елдерде өндірілген және тауар тасымалдарын бақылауға арналған навигациялық пломбаларды пайдалану мерзімін ұзарту туралы бастама көтерді. Бұл шешім 2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап ЕАЭО елдерінің операторлары тек Одақ аумағында өндірілген пломбаларды қолдануы тиіс деген қағидаға байланысты қабылданды. Қазақстанның ұсынысы ЕЭК Кеңесі тарапынан қолдау тауып, бұл мерзім 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда жүк тасымалын бақылаудың ұлттық операторы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ғарыштық техника және технологиялар институты болып табылады. Аталған институт өзінің құрылғыларымен қатар, үшінші елдерде өндірілген және екі жылдық жалға алу мерзімі аяқталатын шамамен 10 мыңға жуық навигациялық пломбаны пайдаланады. Бұл пломбаларды мерзімінен бұрын ауыстыру қосымша шығындарға әкеп соғады. Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінің қазіргі өндірістік қуаттылықтары Қазақстанның пломбаға деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Дегенмен, елімізде пломбаларды жергілікті өндіруді жолға қоятын кәсіпорындар анықталды, бірақ оларды іске қосу үшін уақыт қажет.

Бұдан бөлек, ЕЭК Кеңесі ветеринариялық бақылауға жататын өнімдерді бірлесіп тексеру және сынама алудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізуді мақұлдады. Жаңа ережеге сәйкес, егер үшінші елдердің кәсіпорындары бес жылдан астам уақыт бойы ЕАЭО аумағына бақыланатын өнімдерді жеткізбесе, оларды тізілімнен шығару туралы бастама көтеру құқығы беріледі. Сондай-ақ, ЕАЭО-ның «Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер енгізіліп, өнімдерді қосарланған токсикологиялық тестілеуден өткізу міндетті талабының күшіне ену мерзімі бір жылға ұзартылды. Бұл шешім мұндай зерттеулерді жүргізе алатын аккредиттелген зертханалардың шектеулі саны ескеріле отырып қабылданды.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button