Мемлекеттік сатып алу порталындағы бұзушылықтар: 80 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Мемлекеттік сатып алу порталындағы бұзушылықтар: 80 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды

Астана қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу веб-порталының операторының жұмысында жүйелі бұзушылықтарды анықтады. Бұл бұзушылықтар салдарынан кәсіпкерлер жылдық тариф төлегенімен, қызметті тек күнтізбелік жылдың соңына дейін ғана ала алған. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Kapital.kz іскер ақпарат орталығының тілшісі хабарлады.

Анықталғандай, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін жылдық тариф сатып алған кезде, пайдаланушылар веб-портал қызметтерін төлем күніне қарамастан, тек күнтізбелік жылдың соңына дейін ғана пайдалана алған. Осылайша, қызметтің нақты мерзімі бір жылдан аз болуы мүмкін. Кейбір тарифтердің құны уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген мөлшерден асып түскен. Сондай-ақ, аталған қызметтерді көрсету және тарифтерді қалыптастыру тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актінің жоқтығы анықталды.

Бұл олқылықтарды жою мақсатында Қаржы министрлігі тиісті нормативтік-құқықтық актіні әзірлеп, қабылдады. Жаңа акт құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жойып, қажетті өзгерістерді бекітті. Енді мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану шарттарының мерзімі төлем жасалған күннен бастап келесі жылдың сәйкес күніне дейін есептелетін болады. Қызмет құны қайта есептеліп, кәсіпкерлерге артық төленген тариф айырмасы қайтарылды.

Қабылданған шаралар 80 мыңнан астам кәсіпкер мен 400-ден астам инвестордың құқығын қалпына келтіруге, мемлекеттік сатып алу веб-порталы операторының қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге және бизнес субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысуы үшін әділ жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Аталған бұзушылықтар бойынша үш лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button