Тоқаев пен Трамп экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Америка Құрама Штаттары Президенті Дональд Трамп арасында телефон арқылы әңгіме өрбіді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық көшбасшыны АҚШ Тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, салыстырмалы түрде қысқа тарихи кезеңде – адам өмірінің үш буынында – ел қуатты жаһандық державаға айнала алғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті АҚШ Әкімшілігінің ішкі саяси бағытының негізінде жатқан парасатты саясаттың, өзімізде жүргізіліп жатқан «Заң және Тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен мазмұны жағынан үндес екенін айтты. Сондықтан ол Дональд Трамптың бұл саясатын қолдайтынын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сонымен қатар, әңгіме барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық және саяси өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген маңызды келісімдердің жүзеге асырылуындағы жоғары қарқынды атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қару мен байытылған уранның таралуына жол бермеу, халықаралық бақылау режимін нығайту мақсатында МАГАТЭ-мен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы ұстанымының өзгермейтінін растады.
Бұдан бөлек, Ақордада өткен сенатор Стив Дэйнспен, АҚШ Президентінің арнаулы өкілі Серджио Гормен және Ақ үй мен американдық іскер топтардың басқа да жоғары лауазымды өкілдерімен болған кездесулер мен келіссөздерге оң баға берілді. Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсан айында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты G20 саммитіне шақырған болатын. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан мен Өзбекстан басшыларына бұл шараға «қонақ ретінде» шақыру жіберетінін хабарлады. 2026 жылдың наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ президентінен хат келді. Дональд Трамп Қазақстан басшысын бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және Майамиде өтетін G20 саммитінде қайта қарсы алу мүмкіндігін асыға күтетінін атап өтті.
Дереккөз: Kapital.kz








