Джеки Чан Қазақстанда «Доспехи бога: Ультиматум» фильмінің түсірілімін бастады

Белгілі гонконгтық актер, режиссер және продюсер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи бога: Ультиматум» фильмінің Қазақстандағы жұмыстары басталды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Kaspi.kz компаниясы аталған фильмнің түсіріліміне бас серіктес ретінде атсалысуда. Бұл жоба қазақстандық көрермендер үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қызығушылық тудырады деп күтілуде.
Баспасөз мәслихаты барысында Kaspi.kz басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе Джеки Чанға арнайы Kaspi Gold картасын табыстады. Бұл сыйлықты табыстай отырып, Михаил Ломтадзе: «Қазақстанға Джеки Чанды қабылдап, оның жаңа фильмінің түсірілімін қолдау біз үшін үлкен қуаныш. Бұл шара елімізге деген назарды аударып, Қазақстанды әлемге жаңа қырынан көрсетеді. Джеки Чан Қазақстанмен таныс болғанымен, еліміздің күнделікті өмірін толық сезіну үшін оған Kaspi Gold картасы қажет деп шештік. Осы карта арқылы Джеки заманауи Қазақстанның қалай өмір сүретінін жақсырақ сезіне алады және түсірілім кезінде өзін үйдегідей сезінеді», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ол Sәlem Entertainment және Adal Investments компанияларына осы үлкен жобаның бір бөлігі болуға мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдіріп, Джеки Чан мен фильм командасына сәтті жұмыс тіледі.
Өз кезегінде Джеки Чан Қазақстанда екеніне қуанышты екенін білдіріп, Kaspi.kz, Sәlem Entertainment және фильмге еңбек сіңірген барлық жандарға алғыс айтты. «Фильмнің басталуын асыға күтіп жүрмін. Фильм басталғанда бұл үлкен сынақ болатынын білемін, бірақ сонымен қатар бұл үлкен рахат. Барлығыңызды жақсы көремін. Рақмет!» – деді актер.
«Доспехи бога» франшизасы әлем бойынша бірнеше буын көрермендерін біріктіретін танымал приключениялар желісі болып табылады. Жаңа «Доспехи бога: Ультиматум» фильмі Джеки Чанның аты аңызға айналған кейіпкерінің тарихын жалғастырады. Фильмнің түсірілімі Маңғыстау және Алматы облыстарында өтуде. Бұл жерлерді Джеки Чан 2025 жылдың соңында Қазақстанға келген сапарында өзі таңдаған. Жобаның бастамашылары Sәlem Entertainment және Adal Investments компаниялары. Фильмнің премьерасы 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.
Дереккөз: Kapital.kz








