Қазақстан аэротакси дәуіріне қадам басты: Жаңа заң қабылданды

Еліміз қалалық әуе көлігі мен дрондарды дамытуға қажетті нормативтік базаны қалыптастыруда. 2026 жылдың 24 маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру, жеке деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға енгізілді. Бұл қадам елімізді қалалық әуе ұтқырлығы (Urban Air Mobility – UAM) нарығы үшін заңды ережелерді бекіткен және eVTOL (тік ұшып-қона алатын электрлі әуе кемесі) бойынша дамыған реттеуші базасы бар елдер қатарына қосты.
Бұл заңнамаға енгізілген 7 негізгі түзету бар. Олардың қатарында «озық әуе ұтқырлығы» (Advanced Air Mobility) ұғымының енгізілуі, оның қалалық және өңірлік түрлерінің айқындалуы бар. Сондай-ақ, тік ұшып-қона алатын электрлі әуе кемелері (eVTOL) мен басқа да озық әуе ұтқырлығына рұқсат етілген әуе кемелерін пайдалануға құқықтық негіз жасалды. Озық әуе ұтқырлығының инфрақұрылымы ретінде вертипорттардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері анықталды. Жаңа заң авиациялық техниканы әзірлеушілер мен өндірушілерді, қалалық әуе ұтқырлығын пайдаланушыларды, қашықтан басқарылатын азаматтық авиация жүйелерін сертификаттаудың жаңа тетіктері енгізілді.
Бұдан бөлек, дрондардың әуе қозғалысын басқару жүйесі (UTM) құқықтық мәртебеге ие болып, оның аясында дрондардың ұшуын цифрлық басқару, ақпарат алмасу, идентификациялау, бағыттау және әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіру қарастырылған. Киберқауіпсіздік пен дрондардың әуе қозғалысын басқаруға арналған цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптар белгіленіп, азаматтық дрондарды тіркеу, пайдалану, сертификаттау және ұшуларды ұйымдастыру мәселелері жетілдірілді. Бұл заңнамалық өзгерістер инновациялық авиациялық технологияларды эксперименттік деңгейден толыққанды құқықтық ортаға көшіріп, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және жоғары технологиялық бизнесті дамыту үшін ашық жағдай жасайды. Бұған дейін 2026 жылдың екінші жартысында Қазақстанда дрондармен басқарылатын таксилерді іске қосу бойынша пилоттық жоба басталатыны хабарланған болатын.
Дереккөз: Kapital.kz








