Референдум-2026: қазақстандықтар онлайн дауыс бере ала ма? » DailyKz
Новости Казахстана

Референдум-2026: қазақстандықтар онлайн дауыс бере ала ма?

Қазақстанда өтетін Референдум-2026 қарсаңында онлайн дауыс беру мүмкіндігі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алайда әзірге қазақстандықтардың интернет арқылы дауыс беруі екіталай.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин Орталық референдум комиссиясының кулуарында бұл мәселе бойынша пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін алдағы референдумда онлайн дауыс беру форматы «мүмкін емес деуге болады». Бұған басты себеп – уақыттың тығыздығы мен заңнамалық шектеулер. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.

Онлайн дауыс беру неге енгізілмейді?

Ростислав Коняшкиннің түсіндіруінше, онлайн дауыс беруді енгізу үшін бүкіл сайлау жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет. Бұған сайлаушылар тізімін қалыптастыру, деректерді қорғау және басқа да маңызды процестер кіреді.

«Мұндай шешімді қабылдау үшін ең алдымен заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Біз халықаралық тәжірибені де зерттедік. Экономикасы мен цифрландыру деңгейі өте жоғары елдердің өзінде онлайн дауыс беруге толық көшкен мемлекеттер аз, әрі олар офлайн дауыс беруден мүлде бас тартпаған», – деді вице-министр.

Мәселе тек техникада емес

Коняшкин бұл жерде мәселе тек техникалық мүмкіндіктермен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру – азаматтың жеке ерік білдіру процесі, ал оның құпиялылығы аса маңызды.

«Дәстүрлі түрде азамат сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасайды. Ал цифрлық форматта дауыс беру логтау, деректерді тіркеу сияқты қосымша талаптарды қажет етеді. Бұл – тек техникалық емес, сонымен қатар құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жан-жақты қарастыруды талап ететін күрделі мәселе», – деп түйіндеді ол.

Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша референдум

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасының толық мәтіні жарияланды.

Егер құжат қабылданса, жаңа Конституция 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы күнге дейін қазіргі Парламент өз жұмысын жалғастырады.

Бұдан бөлек, референдумды өткізу кезеңдері де белгілі болды. Қазіргі таңда сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 Қазақстан азаматы енгізілген.

Related Articles

Back to top button