Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысы басталды

Қазақстанның көлік инфрақұрылымы саласында маңызды кезең басталды. Бүгін республикалық маңызы бар «Қарағанды – Жезқазған» автожолының құрылыс жұмыстары ресми түрде бастау алды. Жалпы ұзындығы 457 шақырым болатын бұл жобаның 122 шақырымы Қарағанды облысы аумағынан өтеді. Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ болып табылады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылыстың басталу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков және «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты. Нұрлыбек Налибаев өз сөзінде бұл жобаның еліміздің көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. «Бұл трасса болашақта елдің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстікпен байланыстыратын маңызды дәліз болады. Дайын учаскелер бойынша қозғалыс толық аяқталмай тұрып, кезең-кезеңімен ашылатын болады», – деді ол.
Жаңа автожол қазіргі трассаға паралель салынады және II техникалық санаттағы екі жолақты болады. Жобаның ерекшелігі – DBM (Design – Build – Maintain) форматының алғаш рет қолданылуы. Бұл формат бойынша мердігер жобалаудан бастап, құрылыс және жеті жыл бойы жолды күтіп ұстау жұмыстарына толық жауапты болады. Бұл тәсіл жобалаушылар мен құрылысшылар арасындағы келіспеушіліктерді жойып, мерзімнің ұзаруы мен құнының өсуі тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтап, қозғалысты ашу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары төрт учаскеде қатар жүргізіледі.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаның өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді. «Бұл жол өңірлерді ғана емес, адамдарды да байланыстырып, дамуға, өркендеуге және жаңа перспективаларға жол ашады деп сенемін», – деді ол. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков те бұл жолды көптен күткендерін айтып, қаржыландыру мәселесінің шешілуі қуанышты жаңалық болғанын атап өтті. Аталған жоба аяқталған соң, өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарып, жол жүру уақыты қысқарады және қауіпсіздік артады.
Дереккөз: Kapital.kz








